Сарыағаш АПБ-нің полицейлері "Қару" жедел алдын алу іс-шарасын өткізуде

Сарыағаш АПБ-нің полицейлері "Қару" жедел алдын алу іс-шарасын өткізуде
Түркістан облысының аумағында "Қару" жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Оның негізгі мақсаты - тіркелмеген қаруды заңсыз сақтау және сату жайттарын анықтау, атыс қаруын қолдану арқылы жасалған қылмыстардың алдын алу, олардың жолын кесу мен ашу, қарудың заңсыз айналымымен айналысатын адамдар мен қылмыстық топтарды, басқа да құқық бұзушылықтарды анықтау болып табылады.
"Қару" жедел алдын алу іс-шарасы барысында, Сарыағаш АПБ қызметкерлерімен 1 дана аңшы мылтығы алынып, қару иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы «Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы» бойынша хаттама толтырылып, тиісті шешім қабылдау үшін аудандық сотқа жолданды.
Сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабы «Азаматтық, қызметтік, марапаттық, коллекциялық қаруды, оның патрондарын иелену, беру, есепке алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өткізу тәртібін бұзу» бойынша 3 тұрғынды әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салынды. Сонымен қатар сарыағаштық полицейлер аудан, қала шетіндегі 60-қа жуық шаруа қожалықтары мен мал қораларды тексерді.
Түркістан облысының полицейлері "Қару" жедел алдын алу іс-шарасының өз жалғасын табатынын ескертеді. Сонымен қатар тіркелмеген қаруларыңыз болса, полицияға тапсырыңыздар.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі