Бәйдібектік полицейлер мас халде трактор тізгіндеген жүргізушіні анықтады

Бәйдібектік полицейлер мас халде трактор тізгіндеген жүргізушіні анықтады
Бәйдібек АПБ ЖПҚБ бағынысты патрульдік полиция тобының қызмет инспекторлары полиция капитаны Дәулет Серікбаев пен полиция аға лейтенанты Бағдат Абулқасымов қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, өздеріне бекітілген бағыт бойынша күнделікті патрульдеу жұмысын жүргізіп келеді. Аталған полицейлер осындай кезекті жұмыс күнінде, Бәйдібек ауданы «Шаян-Мыңбұлақ» тас жолында жол жүру ережесін өрескел бұзып, «МТЗ-80» маркалы тракторды қисаңдатып айдап келе жатқан жүргізушіні тоқтатады. Трактордың жүргізушісінің құжаттарын тексеру барысында, оның жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткені белгілі болады. Одан бөлек спирттік ішімдік ішіп алғаны бойынша күмән туады. Осыған байланысты жүргізушіге қатысты медициналық сараптама тағайындалып, қорытындысына сәйкес оның «Орта дәрежелі» масаң күйде көлік басқарғаны анықталды.
Полиция қызметкерлері орын алған оқиғаны ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 6-бөлігімен «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» тіркеуге алды. Трактор айыптұраққа қойылды. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты жинақталған іс-құжаттар сотқа жолдануда.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерге мас халде автокөлікке отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соқтыруы мүмкін екенін ескертеді. Сонымен қатар қашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау және қарсы жолаққа шықпау қажет екендігін еске салады. Жүргізушілер, үнемі жол қауіпсіздігі ережесін орындаса, тәртіпке бағынса, өз өмірі мен жолаушылардың өмірін сақтайтынын естен шығармағаны жөн.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі