Түркістан облысының полицейлері жайылымнан мал ұрлауды кәсіпке айналдырған ұрыны ұстады

Түркістан облысының полицейлері жайылымнан мал ұрлауды кәсіпке айналдырған ұрыны ұстады

Отырар АПБ-не жергілікті тұрғын шағым түсіреді. Ер адамның айтуынша оның жайылымда бос жүрген 2 бас сиырын белгісіз біреулер ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 500 000 теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабымен тіркелді.

Мал ұрлығы туралы ақпарат алысымен отырарлық тәжірибелі тәртіп сақшылары жедел-іздестіруге жұмылдырылды. Мал ұрысын анықтап, қылмысты ашу мақсатында кешенді жұмыстар іске асырылды. Куәгерлерден жауап алынды. Жақын аумақтар мен мал базарлар, мал таситын көліктер мұқият тексерілді. Жан-жақты жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде полицейлер ұрланған сиырларды мал базарда сатылып тұрған жерінен тапты. Сатушыдан жауап алу кезінде ол бұл жездесінің малдары екенін жеткізді. Осылайша күдікті анықталып, тұрғылықты мекен-жайынан ұсталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай күдікті көлік жалдап, оған жайылымнан ұрланған малдарды артып, қайнысына өз малдарым деп сатқызып, ақысын беріп отырған. Тергеу барысында күдіктінің бұдан басқа 4 мал ұрлығына қатысы бары анықталды. Бұл жайттар жас жігіт  тұрғындардың 12 бас малын жымқырып, сатып жіберген. Бүгінде ұрланған малдардың бір бөлігі алынып, заңды иелеріне қайтарылды. Күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 

Сондықтан полицейлер облыс тұрғындарына ескертеді: қора-қопсыны мықтап қоршап, бекітіп, малды жайылымға жіберер кезде сенімді адамға немесе бақташыға тапсырыңыз! Оларды дер кезінде таңбалап, сырғалаңыз! Төрт түлікке барынша сақ болыңыз! Ұрының сіздің салғырттығыңызды пайдаланып, малыңызды иемденіп кетуіне мүмкіндік бермеңіз!