Түркістан облысының полицейлері жүгенсіз жүргізушіні жауапқа тартты

Түркістан облысының полицейлері жүгенсіз жүргізушіні жауапқа тартты
Түркістан облысының полицейлері жол ережесін өрескел түрде бұзушыларды анықтауға бағытталған іс-шараларды үнемі өткізіп отырады. Оның ішінде қауіпсіздік белдігін қолданбау, ұялы телефон пайдалану, басып озып кету, автокөліктерді масаң күйде басқару, жолдың қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу, маневрлау, көше қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өтпесінен өту жағдайларымен байланысты жасалған құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында тұрақты түрде рейдтік-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырады.
Осындай мақсаттағы жұмысты атқару кезінде Арыс қаласы көшелерінің бірінде Арыс АПБ ЖПҚ ППТ қызмет инспекторы полиция лейтенанты Нұрдәулет Естай «Митсубиси» маркалы автокөлігін алдыңғы жарық шамын жақпағаны үшін тоқтатады. Алайда құқық бұзған жүргізуші полицейдің тоқта деген белгісіне қарамай қашып кетеді.
Тәртіп сақшылары заңды талаптарға бағынбаған тұрғынды табу мақсатында бірден жедел-іздестіру шарасын жүргізді. Нәтижесінде оны 1 тәулік ішінде тұрғылықты мекен-жайынан ұстап, жауапқа тартты. Нақтырақ айтсақ, жүргізушінің құқық бұзушылық әрекетіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 613, 612, 602, 601-баптарымен әкімшілік хаттамалар толтырылды. Заң бұзушының көлігі айыптұраққа қойылды. Ол өзінің кінәсын толық мойындап, жасаған әрекеттері үшін өкініп, алдағы уақытта мұндай бассыздықтарға жол бермейтінін жеткізді.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелерін жол қозғалысы ережелерін сақтауға, көлік құралын құжатсыз және мас күйінде басқармауға шақырады. Жол қозғалысы ережелерін бұзудың соңы жүргізуші куәлігінен айыруға, әкімшілік қамауға немесе қылмыстық жауапкершілікке, сондай-ақ жүргізушілер мен жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан жолда жүргенде ережеге бағынып, қауіпсіздікті сақтауларыңызды сұранамыз. Осы орайда кейбір жүгенсіз жүргізушілерге құр мақтанға салынып, соңында опық жеп қалмаңыздар деп ескертеді.