Түркістан облысының бас полицейі футбол аңызы Құралбек Ордабаевпен кездесті

Түркістан облысының бас полицейі футбол аңызы Құралбек Ордабаевпен кездесті

 

 Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров отандық футболдың аңыз адамы, белгілі қақпашы Құралбек Ордабаевпен кездесті. Кездесудің басты себебі бүгін қасиетті Түркістан төрінде өтетін маңызды футбол матчы. Атап айтқанда, Қазақстанның "Қайрат" командасы мен Болгарияның "Левски" клубы арасындағы тартысты бәсеке мыңдаған жанкүйердің басын қоспақ.

Кездесу барысында Арыстанғани Заппаров пен Құралбек Ордабаев отандық футболдың дамуы, жанкүйерлік мәдениет және алдағы ойынның маңызы жөнінде пікір алмасты.

– Мұндай халықаралық деңгейдегі спорттық шаралар еліміздің абыройын танытып қана қоймай, жастарды салауатты өмір салтына баулиды. Бүгін Түркістанға еліміздің түкпір-түкпірінен жанкүйерлер жиналады. Сондықтан әрбір азаматтан тәртіп пен мәдениетті сақтауды сұраймын. Өз командамызға барынша қолдау көрсетейік. Сонымен бірге қарсылас командаға да құрметпен қарайық. Қандай жағдайда да сабыр сақтап, жанкүйерлік мәдениетті жоғары деңгейде көрсетейік, – деді Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров.

Полиция басшысы жанкүйерлерді "Таза Қазақстан" қағидатын сақтауға да шақырды. – Стадионға футбол көруге, сүйікті командамызға қолдау көрсетуге барамыз. Бірақ тазалық сақтау – баршамызға ортақ міндет. Қоқысты арнайы жәшіктерге тастап, қоғамдық орындарға ұқыпты қарайық. Өркениетті қоғамның мәдениеті тек тәртіппен ғана емес, тазалықпен де өлшенеді.

Түркістан төрінде біз футбол мәдениетімен қатар, өз тәрбиемізді, мәдениетімізді және туған жерге деген құрметімізді де көрсетейік, – деді ол. Айта кетейік, полиция қызметкерлері футбол матчы кезінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.