Полицейлер интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша 2 мыңнан астам медицина қызметкерімен онлайн-кездесу өткізді

Полицейлер интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша 2 мыңнан астам медицина қызметкерімен онлайн-кездесу өткізді
 
Интернет-алаяқтықтың алдын алу аясында Түркістан облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Қуанышбай Жұмаділдаев денсаулық сақтау басқармасының өкілдерімен және өңірдің медицина қызметкерлерімен онлайн-кездесу өткізді.
Zoom платформасы арқылы ұйымдастырылған іс-шара барысында қатысушыларға интернет-алаяқтықтың ең көп таралған түрлері, қаскөйлер қолданатын жаңа схемалар, сондай-ақ дербес деректерді қорғау тәсілдері туралы айтылды. Белгісіз тұлғалардан келіп түсетін күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларды қабылдау кезіндегі қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Медицина қызметкерлеріне үшінші тұлғаларға құпия ақпаратты, SMS-хабарламалардағы растау кодтарын және банк карталарының деректемелерін хабарламау, сондай-ақ күмәнді интернет-сілтемелерге өтуден бас тарту ұсынылды.
Онлайн-кездесуге облыстың екі мыңнан астам медицина қызметкері қатысты. Ашық диалог барысында полицейлер қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, интернет-алаяқтыққа тап болған жағдайда әрекет ету тәртібін түсіндірді.
Қатысушылар заманауи киберқауіптер туралы өзекті ақпарат алып, цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша практикалық ұсынымдарға ие болды. Мұндай кездесулер халық арасында киберқауіпсіздік деңгейін арттыруға және интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған.