Қоғамдық тәртіпті нығайту және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Түркістан облысы Қазығұрт ауданының Үшбастау ауылдық округінде учаскелік полиция инспекторларының бастамасымен ауыл ақсақалдары, билер мен тұрғындар спирттік ішімдіктерден бас тарту туралы ортақ ұстанымға келді.
Бүгінде мыңға жуық тұрғыны бар Үшбастау ауылдық округінде бір жылдан бері алкоголь өнімдері сатылмайды. Елді мекендегі екі дүкен де спирттік ішімдік саудасынан толықтай бас тартқан. Бұл қадам ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын орнықтыруға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға деген жауапкершілігін көрсетеді.
Аталған оң нәтижеге учаскелік полиция инспекторларының жүйелі профилактикалық жұмыстары, тұрғындармен тұрақты түсіндіру шараларын жүргізуі және қоғаммен тығыз байланыс орнатуы негіз болды. Полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтардың алдын алу, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау бағытында тұрақты жұмыс атқаруда.
Саралау нәтижесіне сәйкес Үшбастау ауылдық округінде жыл басынан бері қылмыс, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері, сондай-ақ маскүнемдік пен нашақорлыққа байланысты құқық бұзушылықтар мен шақыртулар тіркелмеген.
Үшбастау ауылындағы бұл бастама – полиция мен тұрғындардың өзара сенімі мен бірлескен жұмысының нәтижесі. “Ішімдіксіз ауыл” қағидаты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, жастардың дұрыс тәрбиеленуіне және салауатты қоғам қалыптастыруға бағытталған игі бастама ретінде өз тиімділігін көрсетіп отыр.