Ел тыныштығының қалқанына құрмет: Түркістанда Полиция күні салтанатты аталып өтті

Ел тыныштығының қалқанына құрмет: Түркістанда Полиция күні салтанатты аталып өтті
 
Қазақстан полициясы күніне орай Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, құқық қорғау органдарының басшылары, ішкі істер органдарының ардагерлері, полиция қызметкерлері, олардың отбасы мүшелері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Іс-шара жас сақшылардың сурет салуымен және полицейлердің қызмет атқару барысындағы фотокөрмесінен басталды. Сахнаға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде кіргізіліп, Мемлекеттік Әнұран орындалды. Сондай-ақ Қазақстан полициясының қалыптасуы мен жетістіктерін бейнелейтін арнайы бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.
Жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров полиция қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысының Жарлығымен жоғары мемлекеттік наградаларға ие болған қызметкерлерге марапаттарды табыстады.
Атап айтқанда, Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Есенғали Бейсебаев, Түркістан қаласы Полиция басқармасының бастығы Жасұлан Нысанбаев және патрульдік полиция батальоны қызметінің аға инспекторы Жандос Таймахановтар марапатталды.
Сонымен қатар «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Ермек Усербаевқа, Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Асан Аманға, облыстық Патрульдік полиция батальонының командирі Қанат Баймурзин мен Түркістан қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Азамат Бадамбаевқа табысталды.
Одан әрі Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Арыстанғани Заппаров жеке құрамды мерекемен құттықтап, ішкі істер органдарының ардагерлеріне, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге үлес қосқан полицейлерге, ішкі істер органдарының ардагерлеріне және белсенді жас сақшыларға Полиция департаментінің Алғыс хаттарын табыстады.
Салтанатты жиында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар үлестірілді. Бұл ел тыныштығы жолында жанын қиған азаматтарға көрсетілген ерекше құрметтің белгісі болды.Мерекелік кеш Түркістан облысы ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаевтың құттықтауымен жалғасып, одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты.
Сахна төрінде Бауыржан Исаев, Наркенже Серікбаева, Асан Пердешов, «Миллион» командасы мен Розахмет Валиев, полицейлерден құрылған «Арна бенд» триосы өнер көрсетіп, патриоттық әндер мен әсерлі композициялар арқылы көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар Жедел қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері жауынгерлік дайындықтың көрсетілімін ұсынды.
Осылайша салтанатты шара полиция қызметкерлерінің ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі қажырлы еңбегіне көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі болды.