Түркістан облысында үйлену тойының автокөлік кортежі барысында бірқатар жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері анықталды. Полицияға Төрткөл ауылы маңында бірнеше көліктің ережені өрескел бұзып жүргені туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары аталған көліктерді анықтап, тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде мемлекеттік тіркеу нөмірін талапқа сай тақпаған ВАЗ-21015, ВАЗ-2106 және Audi-100 автокөліктері анықталды.
Сонымен қатар кортеж құрамында нөмірсіз және заңсыз жарқылдауық шам орнатылған Lada Granta көлігі болған. Аталған құқық бұзушылықтар бойынша жүргізушілерге қатысты бірнеше бап бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, көліктер айыптұраққа қойылды.
Түркістан облысы полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырып, той кортежіндегі тәртіп бұзушылықтар өзге жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін ескертті.