
Ордабасы ауданындағы "Жас сақшы" сыныбының оқушылары Түркістан облысы полиция департаментіне арнайы танымдық экскурсиямен барды. Сапар барысында оқушылар департаменттің жедел басқару орталығының жұмысымен танысып, арнайы оқу-жаттығу залын аралады.
Экскурсияны арнайы даярлық басқармасының бастығы Ерлан Шамшат жүргізіп, жас өрендерге полиция қызметінің ерекшеліктері, күнделікті атқаратын міндеттері және қызмет барысында қолданылатын заманауи техникалар туралы жан-жақты мәлімет берді. Танымдық кездесу барысында оқушылар құқық қорғау органдарының қызметі жөнінде мол мағлұмат алып, полиция мамандығына деген қызығушылықтарын арттырды.
Сонымен қатар олар қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған ескерткішке барып, ерлік пен адалдықтың үлгісін көрсеткен тәртіп сақшыларының рухына тағзым етті. Мазмұнды іс-шара жасөспірімдердің құқық қорғау саласына деген қызығушылығын күшейтіп, олардың бойында патриоттық рухты, жауапкершілік пен тәртіпке құрмет сезімін қалыптастыруға ықпал етті.