Түркістан облысында полицейлер балаларға естен кетпес мереке ұйымдастырды

Түркістан облысында полицейлер балаларға естен кетпес мереке ұйымдастырды
 
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Түркістан облысы полиция департаментінде "Балаларды қорғау жүрек жылуынан басталады" атты әсерлі қайырымдылық шарасы өтті. Іс-шара аясында полиция қызметкерлері ерекше күтімді қажет ететін балалардың өз қолымен жазған хаттарындағы армандарын орындап, оларға ұмытылмас мерекелік көңіл күй сыйлады.
Балалар ата-аналарымен бірге полиция департаментіне арнайы шақырылды. Қонақтарды жедел басқару орталығының ауласында полиция қызметкерлері, қызметтік көліктер, мотопатруль жасақтары, кинологтардың қызметтік иттері, аниматорлар және балалардың өздері салған суреттерден жасақталған фотокөрме қарсы алды.
Балаларға тәттілер, балмұздақ пен салқын сусындар ұсынылып, мерекелік атмосфера қалыптастырылды. Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров балалармен жүздесіп, олардың әрқайсысымен еркін әңгімелесті. Сонымен қатар жедел басқару орталығының жұмысымен таныстырып, заманауи технологиялардың көмегімен азаматтардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілетінін көрсетті. Шараның ең әсерлі сәті балалардың армандарын жүзеге асыру болды.
Хаттарында жазылған тілектер біртіндеп орындалып, біріне велосипед, екіншісіне электроскутер, мотоцикл, бассейн, заманауи құлаққап, колонка мен микрофон, сондай-ақ спорттық киім жиынтықтары тарту етілді. Әр бала өзіне арналған сыйлықты алған сәтте қуанышын жасыра алмады.
Сонымен қатар облыстың бас полицейінің атынан арнайы алғыс хаттар мен полиция эмблемасы бейнеленген футболкалар және кепкалар табысталды.
Мерекелік бағдарлама мұнымен шектелмеді. Полицейлер балалар мен олардың ата-аналарын арнайы автобуспен Түркістан қаласындағы "Керуен сарай" туристік кешеніне апарып, концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Сахнада өнерлі полиция қызметкерлері ән шырқап, күй орындады.
Балалар би билеп, көтеріңкі көңіл күйге бөленді. Іс-шара барысында департамент бастығы Арыстанғани Заппаров балалардың жанынан табылып, олардың қуанышына ортақтасты. Ерекше балалар мен олардың ата-аналары ұйымдастырушыларға шынайы ризашылықтарын білдіріп, кейбірі толқыныстан көздеріне жас алды.
Шара соңында ерекше балалардың армандарын жүзеге асыруға ұйытқы болып жүрген "Армандар орындалады" қайырымдылық жобасының авторы Әсел Бимырзаеваға қоғамда мейірім мен жанашырлық құндылықтарын насихаттап, балалардың жүрегіне қуаныш сыйлап жүрген игі еңбегі үшін алғыс хат табысталды.
Бұл күн ерекше балалар үшін жай ғана мереке емес, армандары орындалып, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінген жарқын әрі есте қаларлық сәтке айналды. Ал полиция қызметкерлері үшін балалардың шынайы күлкісі мен қуанышы ең үлкен марапат болды.