Түркістан облысында ІІO ардагеріне құрмет көрсетілді 

Түркістан облысында ІІO ардагеріне құрмет көрсетілді 

 

Ордабасы ауданында ішкі істер органдарының ардагеріне құрмет көрсетіліп, оның ел қауіпсіздігі жолындағы еңбегі ерекше ілтипатпен аталып өтті. Түркістан облысы полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанкожаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Нүркен Жамбылұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалымжан Құлбабаұлы бастаған жеке құрам ішкі істер саласының ардагері, отставкадағы полиция майоры Түгелбай Найманбайұлының шаңырағына арнайы барып, хал-жағдайын білді.

Кездесу барысында Түркістан облысы полиция департаменті бастығының атынан ардагерге Алғыс хат табысталып, денсаулық жағдайына байланысты материалдық көмек көрсетілді. Сондай-ақ ақжарма тілектер айтылып, иығына шапан жабылып, құрмет көрсетілді. Айта кетейік, Түгелбай Найманбайұлы Қазыгелді ішкі істер органдарында 1985 жылдан 2009 жылға дейін абыройлы қызмет атқарып, салада мол тәжірибе жинақтаған.

Ардагерлерге құрмет көрсету, олардың адал еңбегін ұлықтау — кейінгі буын үшін үлкен өнеге. Осындай тағылымды шаралар арқылы полиция қызметкерлері аға буынға деген ізет пен қамқорлықтың маңызын айқын көрсетіп келеді.