Есірткіге қарсы күрес: Түркістан облысында профилактикалық шаралар күшейтілді

Есірткіге қарсы күрес: Түркістан облысында профилактикалық шаралар күшейтілді
Түркістан облысында полиция қызметкерлері нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес бағытында кешенді жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуде. Мемлекет басшысының “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында жүктеген тапсырмаларын орындау мақсатында өңірде профилактикалық, рейдтік және жедел-іздестіру іс-шаралары қарқынды жүзеге асырылуда.
“Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының” сәйкес, Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған есірткіге қарсы айлық іс-шараның ашылу салтанаты Кентау қаласындағы Хантағы таулы демалыс аймағында өтті.
Аталған шараға полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Тіленшин, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Бексұлтан Нұсқабек, Кентау қалалық полиция басқармасының бастығы Шералы Әділханұлы және есірткі қылмысының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері қатысты, құқық қорғау саласындағы профилактикалық жұмыстардың тиімді жүргізілуіне ерекше назар аударуда.
Жыл басынан бері облыс полицейлері есірткінің заңсыз айналымына қатысты 126 деректі анықтады. Оның ішінде есірткі сату, аса ірі көлемде сақтау, контрабанда және синтетикалық есірткі зертханасын ұйымдастыру фактілері бар. Заңсыз айналымнан 60 келіден астам есірткі заттары тәркіленді.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары интернет кеңістігіне тұрақты мониторинг жүргізіп, “Киберқадағалау” жүйесі арқылы синтетикалық есірткіні жарнамалаған 452 сайттың жұмысын тоқтатты. Прокуратура органдарымен бірлескен жұмыстар нәтижесінде күмәнді қаржы айналымына қатысы бар 937 банк картасына шектеу қойылды. Нашақорлықтың алдын алу мақсатында полицейлер жергілікті атқарушы органдармен және өзге де мекемелермен бірлесіп рейдтік іс-шаралар өткізуде. Нәтижесінде ойын-сауық орындарында есірткіні медициналық емес қолданудың жолы кесіліп, 218 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ полицейлер мектептер мен оқу орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындар арасында есірткінің зияны мен заң алдындағы жауапкершілік жөнінде кеңінен ақпарат беруде. Жыл басынан бері 80 мыңнан астам адамды қамтыған 763 профилактикалық іс-шара өткізілді.
Бұдан бөлек қоғамдық орындар мен көшелерде жүргізілген рейдтер барысында 225 есірткіге қатысты граффити жазбалары жойылды. Әуежай, теміржол вокзалы және пошта қызметтерімен бірлескен жедел шаралар кезінде қызметтік иттердің көмегімен есірткі заттарын заңсыз тасымалдау деректерінің алдын алу жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Полицейлері тұрғындарды есірткіге қарсы күресте белсенді болуға шақырып, қоғам қауіпсіздігі мен жас ұрпақтың болашағы үшін бірлескен жұмыстың маңызын атап өтті.