Түркістанда жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге бақылау күшейді

Түркістанда жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге бақылау күшейді
 
Түркістан қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында арнайы рейдтік-профилактикалық іс-шаралар өткізуде.
Тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілер көп шоғырланатын көшелер мен жаяу өткелдерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша ескертулер жасады. Заманауи техникалық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланған полиция қызметкерлері қызметтік автокөліктердегі бейнетіркегіштердің көмегімен бірқатар құқық бұзушылықтарды тіркеді.
Бақылау нәтижесінде белгіленбеген жерден жолды кесіп өткен 500-ге жуық тұрғын анықталды. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге жол бермеген 46 жүргізушіге қатысты әкімшілік шаралар қабылданды. Мұндай профилактикалық іс-шаралар жол қозғалысына қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, қала көшелеріндегі қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.
Тәртіп сақшылары тұрғындарды жолда мұқият болуға, жаяу өткелдерді пайдалануға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.