Түркістан облысында жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілер ұсталды

Түркістан облысында жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілер ұсталды
Түркістан облысында полицейлер рейдтік іс-шаралар барысында бірқатар өрескел құқық бұзушылықтарды анықтап, олардың жолын кесті. Мәселен, Сарыағаш аудандық патрульдік полиция қызметкерлері жол бойында қызмет атқару кезінде Chevrolet автокөлік жүргізушісінің күмәнді әрекетіне назар аударды.
 
Полицейлерді байқаған жүргізуші көлігін тоқтатпай, бой тасалауға әрекет жасаған. Алайда тәртіп сақшыларының жедел әрі үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде аталған көлік дер кезінде тоқтатылды. Полицейлер жүргізушінің жағдайын мұқият бақылауға алып, тексеру барысында оның мас күйде көлік басқарғанын анықтады.
 
Аталған құқық бұзушылық бойынша әкімшілік шара көріліп, автокөлік айыптұраққа қойылды. Жинақталған іс-құжаттар сотқа жолданды. Сонымен қатар рейд барысында Changan автокөлігінің жүргізушісі де полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбағаны үшін тоқтатылды.
 
Анықталғандай, 32 жастағы ер азаматтың жүргізуші куәлігі болмаған. Аталған жайт бойынша іс заңды шешім қабылдау үшін іс сотқа жолданды. Айта кетейік, аталған құқық бұзушылықтардың барлығы полиция көліктеріне орнатылған бейнетіркегіш құралдарына түсіп қалған.
 
Бұл өз кезегінде полиция қызметкерлерінің қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жүйелі әрі жауапты жұмысының нәтижесін көрсетеді. Полиция жол қозғалысына қатысушыларды заң талаптарын қатаң сақтауға, өз қауіпсіздігі мен өзгенің өміріне жауапкершілікпен қарауға шақырады.