
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай Түркістан облысы полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев ішкі істер органдарында ұзақ жылдар қызмет атқарып, бүгінде зейнеткерлікке шыққан тыл ардагерлері — Шаймерден Айтпанбетов пен Сайдулла Масадыковтың шаңырағына арнайы барып, оларды мерекемен құттықтады.
Кездесу барысында медициналық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы Даурен Сартаев, емхана госпиталінің бастығы Ерлан Мауленов және Түркістан қалалық ІІО мен ҰҰ бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Батырхан Сансызбаев ардагерлердің денсаулығына ерекше көңіл бөліп, Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаровтың арнайы құттықтауын жеткізді.
Сонымен қатар ел тыныштығы жолындағы адал қызметтері үшін ардагерлерге алғыс хаттар табысталды. Қос мереке — ер азаматтарды рухтандырып, патриоттыққа үндейтін тағылымы мол мереке. Осындай сәтте ардагерлерге құрмет көрсету — ұрпақ сабақтастығы мен ұлттық құндылықтарға деген ілтипаттың айқын көрінісі.
Полицейлер алдағы уақытта да ардагерлерге қолдау көрсетіп, олардың еңбегін ұлықтау дәстүрін жалғастыра бермек.