Түркістан облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының жылдың І тоқсаны бойынша қорытынды жиналысы өтті. Жиынға облыс аумағындағы барлық полиция басқармалары мен бөлімдерінің көші-қон қызметі қызметкерлері қатысты.
Басқосуға Аида Смағұл төрағалық етті. Кездесу барысында көші-қон саласындағы өзекті мәселелер жан-жақты қаралып, атқарылған жұмыстардың нәтижелері сарапталды. Атап айтқанда Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, шетел азаматтарының ел аумағында болу тәртібі, сондай-ақ азаматтарды жеке басын куәландыратын құжаттармен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Жылдың алғашқы үш айында Түркістан облысында 7 584 шетелдікке уақытша тұруға рұқсат рәсімделіп, 166 шетелдікке Қазақстан Республикасының визалары берілді. Сонымен қатар көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 7 749 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Олардың ішінде: – 1 048 шетелдік Қазақстан Республикасында болу тәртібін бұзған; – 467 қабылдаушы тарап шетелдіктердің болу талаптарын сақтамаған; – 102 жағдайда шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдалану деректері тіркелген. Сот шешімімен 579 шетелдік ел аумағынан шығарылды.
Жиын қорытындысында алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі