
Түркістан облысы полиция департаментінің үлкен мәжіліс залында 2026 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша жедел кеңес отырысы өтті. Жиында жедел-қызметтік жұмыстың нәтижелері, әкімшілік және қоғамдық қауіпсіздік саласындағы атқарылған шаралар, жеке құрам арасындағы тәртіп пен заңдылықтың сақталуы, цифрландыру бағыты мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты қаралды.
Кеңес барысында департамент бастығы Арыстанғани Заппаров төрағалық етіп, орынбасарлары есеп берді. Жиында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне, жол қауіпсіздігі бағытындағы жаңашылдықтарға ерекше назар аударылып, алдын алу мақсатында рейдтік іс-шараларды күшейту тапсырылды. Сонымен қатар заңсыз қару-жарақтарды анықтау, ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы күресті жандандыру, тұрғындарды алаяқтардан сақтандыру қажеттілігі айтылды.
Электросамокаттарды пайдалану маусымының басталуына байланысты 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап оларды міндетті тіркеу енгізілетіні ескертіліп, осы бағытта дайындық жұмыстарын күшейту жүктелді. Айта кетейік, 2026 жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен “Цифрландыру және жасанды интеллект жылы” деп жарияланды. Осыған орай өңірде цифрлық жобаларды іске асыруға басымдық берілуде.
Сонымен қатар облыстағы 80 ауыл алкоголь өнімдерін сатудан бас тартқан. Департамент басшысы аудандардағы полиция құрылымдарының басшыларына қылмыстың алдын алу үшін үлгілі ауылдар қатарын көбейтуді тапсырды. Облыста ашылған 21 “Жас сақшы” сыныбының оқушыларын тарта отырып, патриоттық жұмыстар жүргізу, психологтардың қатысуымен тәуекел топтағы отбасыларды ерте анықтау қажеттігі атап өтілді. “Түнгі қаладағы балалар”, “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шараларын тұрақты түрде өткізу тапсырылды.
Жол саласы бойынша профилактика күшейтілгенімен, жүгенсіз жүргізушілер салдарынан статистикалық сандарда едәуір өсім бар. Сондықтан жол апаттарын азайту бағытындағы шараларды жандандыру тапсырылды. Одан бөлек “Қорғау – қауіпті жүргізуші” мобильдік қосымшасы арқылы 6 592 автокөлік анықталып, айыптұрақтарға қойылған.
Жиын қорытындысында “Үлгілі полиция” номинациясы аясында жан-жақты қабілетімен ерекшеленген қызметкерлерді анықтап, оларды ынталандыру қажеттігі айтылды. Бұл бағытта ардагерлер мен тәлімгерлердің тәжірибесін тиімді пайдалану маңызды екені ерекше атап өтілді. Осылайша басым бағыттар айқындалып, міндеттер нақтыланды.