
Түркістан облысында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жасау мақсатында республикалық “Антифрод” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Жыл басынан бері облыс аумағында интернет-алаяқтықтың 154 фактісі тіркелді, сонымен қатар жәбірленушілерге 220 миллион теңге көлемінде келтірілген шығын өтелді.
Іс-шара барысында бұрын жасалған 42 қылмыс ашылып, интернет-алаяқтыққа қатысы бар 89 тұлға анықталды. Бір ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылып, қылмыстық іс сотқа жолданды. Сондай-ақ заңсыз қаржылық операцияларға қатысы бар 239 тұлға, яғни “дропперлер” анықталды, олардың 19-ына қатысты қылмыстық істер қозғалды. Бұдан бөлек, «активатор» қызметін атқарған 1 адам жауапкершілікке тартылып, одан қылмыстық схемаларда пайдаланылған 150 SIM-карта тәркіленді. Интернет кеңістігін мониторингтеу нәтижесінде 240 заңсыз контент бұғатталды.
“Есіктен есікке” қағидаты бойынша жүргізілген ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында 181 260 үй қамтылып, 983 мыңнан астам азаматқа ескерту жасалды. Білім беру ұйымдарында заманауи цифрлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып онлайн-тестілеу ұйымдастырылып, оған 200 мыңнан астам оқушы, 56 мың студент және 86 мың педагог қатысты.
Сонымен қатар профилактикалық материалдар облыс бойынша 50 LED-экран мен 64 билбордта орналастырылуда. Полиция ескертеді: сақтық – қауіпсіздіктің басты кепілі. Жеке деректеріңізді бермеңіз, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және желідегі бейтаныс адамдарға сенбеңіз. Егер сіз интернет-алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, дереу “102” нөміріне хабарласыңыз.