ҚР Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен спорттық ауқымды жарыста Сабыржан Әбілдаұлы ерекше көзге түсті. Ол 100 келі салмақ дәрежесінде бірнеше күрес түрінен бақ сынап, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Яғни қазақ күресінен І орын, спорттық самбодан ІІ орын, дзюдодан ІІІ орын, сондай-ақ абсолюттік салмақ дәрежесінде ІІІ орынды иеленіп, бірнеше марапатты қанжығасына байлады.
Сонымен қатар ҚР Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері арасында өткен “Қазақ күресінен” тартысты додада оқу-жаттығу взводының инспекторы Еркеғали Қуандық 90 келі салмақ дәрежесінде ІІІ орынды иеленді. Ол бес бірдей белдесу өткізіп, кәсіби шеберлігі мен тыңғылықты дайындығын айқын көрсете білді.
Айта кетейік, чемпионатқа 20 өңірден келген полиция қызметкерлері мен ІІМ-ге қарасты оқу орындарының курсанттары қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Түркістандық полицейлердің бұл жетістігі табанды жаттығу мен жүйелі еңбектің жемісі. Олар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, спортта да биік белестерді бағындырып, нағыз тәртіп сақшысының тек қызметте ғана емес, кез келген салада үздік бола алатынын дәлелдеп отыр.