Түркістан облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Қуаныш Жұмаділдаев "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында Бәйдібек ауданы С.Әбдіжаппаров атындағы мектеп оқушыларымен және педагогикалық ұжыммен кездесу өткізді. Жиынға 300-ден астам оқушы қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты — кәмелетке толмағандар арасындағы интернет-алаяқтықтың алдын алу, ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және киберкеңістіктегі қауіп-қатерлерден қорғау тәсілдері туралы хабардар ету.
Қуаныш Жұмаділдаев жиналғандарға интернет-алаяқтықтың ең көп таралған түрлері жалған хабарламалар жіберу, фишингтік сілтемелер, онлайн-кредиттерді рәсімдеу, жалған инвестициялық ұсыныстар, әлеуметтік желілер арқылы алдау бойынша мысалдармен жеткізді.
Сондай-ақ жеке деректерді қорғауға және киберқауіпсіздік шараларын сақтауға назар аударылды: күмәнді сілтемелер бойынша өтпеу, жеке ақпаратты үшінші тұлғаларға бермеу, екі факторлы аутентификацияны пайдалану туралы айтылды.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасында қорқытудың алдын алу мәселелері, оның теріс салдары және заңда көзделген жауапкершілік түсіндірілді. Оқушыларды бір-біріне құрмет көрсетуге, кибербуллингке жол бермеуге және қажет болған жағдайда ата-анасынан немесе мектеп әкімшілігінен көмек сұрауға шақырды.
Іс-шара интерактивті форматта өтті, барлық сұрақтарға толық жауаптар берілді. Мұндай кездесулер кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға ықпал етеді.