Түркістан облысында полиция 800-ге жуық тұрғынды қабылдады

Түркістан облысында полиция 800-ге жуық тұрғынды қабылдады
Түркістан облысында осы жылдың ақпан айында полиция бөлімдерінің жанынан жаңа форматтағы 17 профилактикалық кабинет ашылды. Аталған кабинеттер “Заң мен тәртіп” қағидатын жүзеге асыру, құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу мен тұрғындарға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету мақсатында жұмыс істейді.
Кабинеттерде полиция қызметкерлерімен қатар денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау саласының мамандары бірлесіп қызмет атқарады. Негізгі мақсат — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, маскүнемдік пен нашақорлыққа қарсы күрес жүргізу және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу.
Бүгінде Түркістан облысы полиция департаментіне қарасты аудандық және қалалық полиция бөлімдерінің жанынан ашылған 17 кабинетте барлығы 800-ге тарта азамат қабылданды. Жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде оң көрсеткіштер байқалады.
Атап айтқанда, қасақана денсаулыққа жеңіл зиян келтіру дерегі – 16,7%-ға, ұрып-соғу – 18,2%-ға, есірткі заттарын тұтыну – 21,7%-ға, ал отбасылық-тұрмыстық қатынастағы құқық бұзушылықтар – 31,9%-ға төмендеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.