Тергеу қызметінің құрылғанына 63 жыл толуына орай Түркістан облысында ауқымды іс-шара өтті. Ордабасы ауданындағы Қызылжар мектебінде қызмет бабында қаза тапқан полиция подполковнигі Абдуахас Қабылбектің есімімен “Жас сақшы” полиция сыныбы ашылды. Ол өзінің саналы ғұмырында тергеу, анықтау саласында абыройлы еңбек етіп, 2015 жылы қызмет бабында өмірден өткен.
Салтанатты жиынға полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Нариман Батаев, Ордабасы аудандық полиция бөлімінің бастығы Нүркен Сарыпбеков, әкім орынбасары Ильяс Еркінұлы арнайы қатысып, бұл бастаманың маңыздылығына тоқталды.
— Бұл Түркістан облысындағы жиырма бірінші “Жас сақшы” сыныбы. Полиция департаменті мен білім беру ұйымдарының бірлескен жұмысының нақты нәтижесі және жастарға деген сеніміміздің айқын көрінісі. Мақсатымыз - жас ұрпақты отансүйгіштікке, тәртіпке, жауапкершілікке және заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу, — деп атап өтті Нариман Батаев.
Сондай-ақ марқұмның отбасы мүшелері, жақындары сөз алып, ер есімін ұлықтап жатқандары үшін шынайы алғыстарын жеткізді. Ал онымен бірге қызмет атқарған әріптестері өткен күндерді сағынышпен еске алып, жұлдызы ерте сөнген қарулас азаматтың жауапкершілігі мықты, кәсіби маман болғанын жеткізді.
Абдуахас Пернебекұлы ішкі істер саласында аянбай тер төгіп, көптеген күрделі қылмыстарды ашуға үлес қосқан білікті маман. Сондықтан оның есіміне берілген сыныптағы оқушылардың болашақта елге адал қызмет ететін саналы тұлға болып өсетініне сенім мол.
Іс-шара барысында жас сақшылар ерекше әсер алып, жүктелген жауапкершілікті сезінді. Сонымен қатар Абдуахас Қабылбектің еске алуға арналған кіші футболдан турнир ұйымдастырылды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.