
Түркістан облысында полиция қызметкерлері "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында абаттандыру ережелерін бұзу, сондай-ақ ортақ пайдаланылатын орындардың ластану фактілерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар кешенін жүргізуде. Құқық бұзушылықтарға "нөлдік төзімділік" қағидатын іске асыру, азаматтардың құқықтық санасын қалыптастыру және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда.
Сондай-ақ қоқысты рұқсатсыз шығару, сұйық қалдықтарды заңсыз төгу және экологиялық заңнаманы өзге де бұзу фактілерін анықтау бойынша рейдтер өткізілуде. Мәселен, іс-шараларды өткізу кезінде облыс аумағында 4116 құқық бұзушылық тіркелген. 1530 азаматқа қатысты ескерту жасалды, тағы 2586 адам жауапкершілікке тартылды. Түркістан қаласында полицейлер заңсыз қоқыс тастаған жүк көлігінің жүргізушісін жауапқа тартты.
Сондай-ақ стихиялық полигондар анықталып, жауапты ұйымдардың лауазымды тұлғаларына қатысты жинақталған материалдар экология департаментіне жолданды. Бұдан басқа полицейлер азаматтардың құқықтық санасын арттыруға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға бағытталған профилактикалық әңгімелер мен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.