
Наурыз мерекесі қарсаңында Түркістан облысы полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожев ішкі істер органдарында ұзақ жылдар қызмет атқарып, бүгінде зейнеткерлікке шыққан ардагер полицейлердің шаңырағына арнайы барып, олардың хал-жағдайын білді.
Кездесу барысында Мәдәлі Мұқанов, Абдулла Кенжеғұлов, Анапия Махамбетов, Асқар Тасов және Ералы Баймурзаев сынды ардагерлерге құрмет көрсетіліп, Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаровтың Наурыз мерекесіне арналған құттықтауы жеткізілді. Сонымен қатар ел тыныштығы жолындағы адал қызметтері үшін алғыс хаттар табысталды.
Наурыз – жаңару мен жақсылықтың жарқын мерекесі. Осындай игі сәтте ардагерлерге құрмет көрсету – ұрпақ сабақтастығы мен ұлттық құндылықтарға деген құрметтің айқын белгісі. Алдағы уақытта да Түркістан облысының полицейлері ардагерлерге қолдау көрсетіп, олардың еңбегін бағалау дәстүрін жалғастыра бермек.