Үлгілі ауыл: салауатты өмір салты салтанат құрған Құмтүйін

Үлгілі ауыл: салауатты өмір салты салтанат құрған Құмтүйін



Түркістан облысындағы Құмтүйін ауылы қоғамдық тәртіп пен салауатты өмір салтының жарқын үлгісін көрсетіп отырған елді мекендердің бірі. Ауылда соңғы 4 жыл ішінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

Бұл нәтижеге қол жеткізуде ауыл тұрғындарының ауызбіршілігімен қатар, полиция қызметкерлерінің профилактикалық жұмыстары да маңызды рөл атқаруда. Тәртіп сақшылары тұрғындармен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын түсіндіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Ауылдың тағы бір ерекшелігі мұнда соңғы 5 жылдан бері алкоголь өнімдері сатылмайды. Аталған бастаманы ауыл тұрғындары қолдап, бірлесе салауатты өмір салтын ұстануды басты құндылықтардың біріне айналдырған.

Бүгінде Құмтүйін ауылында екі мыңға жуық тұрғын бар. Елдімекенде 3 дүкен жұмыс істейді. Олардың ешқайсысында алкоголь өнімдері сатылмайды.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, тұрғындардың жауапкершілігі мен ауызбіршілігі, сондай-ақ алдын алу шараларының нәтижесінде ауылда қоғамдық тәртіп сақталып отыр. Құмтүйін ауылының тәжірибесі өзге елдімекендерде де қауіпсіз қоғам қалыптастыруға үлгі болары сөзсіз.