
Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының тапсырмасын іске асыру аясында әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және полицияға деген сенімді нығайтуға бағытталған "Жолда қабылдау" профилактикалық акциясын өткізді.
Азаматтарды қабылдау үш күн бойы Түркістан қаласының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында өтті. Іс-шараға әкімшілік практика бөлімінің, процессинг орталығының, сондай-ақ жол және техникалық инспекция бөлімінің қызметкерлері қатысты. Акция барысында полицейлер 200-ден астам азаматты қабылдады. Олар әкімшілік айыппұлдар, көлік құралдарына шектеулер, жүргізуші куәліктері, сондай-ақ көлік құралдарын қайта жабдықтау мәселелері бойынша сауалдарына толық түсініктеме алды.
Мұндай іс-шаралар азаматтарға жедел түрде білікті құқықтық көмек алуға мүмкіндік береді, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жол қозғалысына қатысушылар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.