
Түркістан облысының полиция қызметкерлері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар атқаруда. Осы тұста Кентау қалалық полиция бөлімінің бастығы Шерәлі Әділханұлының бастамасымен Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында "Сталкингті тоқтат" атты форум өтті.
Мақсаты – қоғам назарын сталкинг мәселесіне аудару мен тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Шараға қала әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлы, аналар кеңесінің төрайымы Маржан Кривенцова, мәслихат депутаты Гульдариха Жумагельдиева мен отбасын қолдау орталығының психологы Гулнара Таубаева спикер ретінде қатысты.
Форум барысында сталкингтің негізгі түрлері мен белгілері түсіндіріліп, зардап шеккен азаматтарға көрсетілетін құқықтық, психологиялық және қауіпсіздік шаралары кеңінен қамтылды. Жасөспірімдерге нақты мысалдар арқылы мәселенің өзектілігі жеткізіліп, алдын алу жолдары туралы пайдалы кеңестер берілді.