
Түркістан облысы Жетісай ауданындағы А. Рудаки атындағы №23 жалпы білім беретін мектепте полиция оқушылармен кәсіби бағыттағы кездесу өткізді. Аталған іс-шара Жетісай аудандық полиция бөлімінің жедел-криминалистикалық тобының аға криминалисі Абылай Төлбасиев пен полиция қызметкері Дархан Сапар қатысты.
Іс-шара барысында мектеп оқушылары криминалистика саласының ерекшеліктерімен танысып, жедел-криминалистикалық топтың қызметі туралы жан-жақты мәлімет алды. Атап айтқанда, олар жедел-криминалистикалық топ қолданатын арнайы техникалық құрал-жабдықтармен танысып, криминалист маманының бір күндік жұмыс жоспары жөнінде ақпарат алып, оқиға орнына шығу кезіндегі іс-әрекеттер, дәлелдемелерді анықтау, жинау және тіркеу тәртібі туралы тың деректерге қанықты.
Кездесу барысында криминалистер өз тәжірибелерімен бөлісіп, құқық қорғау саласында қызмет етудің маңыздылығына тоқталды. Аталған іс-шара оқушылардың полиция қызметіне, соның ішінде криминалистика саласына деген қызығушылығын арттырып, болашақ мамандық таңдауда нақты бағыт-бағдар берді.