
Түркістан облысында құқық қорғау органдары азаматтарды алаяқтықтан қорғауға ерекше назар аударуда. Осы мақсатта Кентау қалалық полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары Азамат Сарсенкулов пен қалалық ПБ жедел уәкілі Ж.Байзақ Кентау қалалық ауруханасының қызметкерлерімен интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында ауқымды профилактикалық жиналыс өткізді.
Іс-шара барысында алаяқтықтың кең таралған түрлері, оның ішінде жалған сайттар, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып қоңырау шалу, әлеуметтік желілер арқылы жасалатын алаяқтық және жалған инвестициялық ұсыныстар жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.
Сонымен қатар қатысушыларға жеке деректерді қорғау, банк карталарының реквизиттерін бөгде тұлғаларға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз нөмірлерден келетін қоңырауларға сенбеу туралы нақты профилактикалық кеңестер ұсынылды.