
Түркістан облысында полиция қызметкері тұрғынды ит шабуылынан құтқарды
Түркістан облысында полиция қызметкері жергілікті тұрғынға уақытылы көмек көрсетіп, оның өмірі мен денсаулығына төнуі мүмкін қауіптің алдын алды. Созақ ауданы Шолаққорған ауылы тұрғыны Жадыра Жорабек полиция қызметкерлерінің халық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі адалдығы мен кәсібилігіне ризашылығын білдірді.
Көшеде жаяу жүрген тұрғынға белгісіз ит шабуыл жасауға әрекеттенген кезде, учаскелік полиция инспекторы Мақсат Жанаділ дереу қызметтік көлігімен келіп, сигнал беріп, итті үркітіп, тұрғынға көмек көрсеткен. Қатты қорқып қалған тұрғынды полиция қызметкері өз көлігіне мінгізіп, қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, үйіне жеткізді.
Бұл оқиға полиция қызметкерлерінің тек құқықтық тәртіпті сақтау ғана емес, тұрғындардың өмірі мен қауіпсіздігін бірінші орынға қоятындығын дәлелдейді. Осындай жедел әрекет пен адамгершілік танытқан тәртіп сақшылары – халық сенімінің кепілі.