ШЕТЕЛДІК ЕҢБЕК КҮШІН ТАРТУ ТӘРТІБІ ҚАРАЛДЫ

ШЕТЕЛДІК ЕҢБЕК КҮШІН ТАРТУ ТӘРТІБІ ҚАРАЛДЫ
 
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен және облыстық полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының басшысы Аида Смағұлдың қатысуымен инвесторлық сектор өкілдерімен кездесу өтті.
Шараға жергілікті атқарушы орган, полиция және ұлттық қауіпсіздік органдары, Turkistan invest, шетелдік инвесторлар өкілдері қатысты. Жиында осы бағыттағы Қазақстан Республикасының заң талаптары бойынша ақпарат берілді.
Кездесу барысында Қазақстанда жұмыс істеу заңдылығы мен шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат рәсімдеу тәртібі, қолданыстағы заң талаптары, құқық бұзушылықтардың алдын алу және инвестициялық жобалардың заңды жүзеге асырылуын қамтамасыз ету кеңінен түсіндірілді.
Өз кезегінде Аида Бақытбекқызы жыл басынан бері Түркістан облысы полиция департаментіне шетелдік еңбек күшін тарту үшін инвесторлық сектордан 88 заңды тұлға өтініш білдіргенін айтып өтті.
Кездесу конструктивті бағытта өткізіліп, құзыретті мемлекеттік органдармен инвесторлық секторды дамыту шеңберінде қарым-қатынасты және ынтымақтастықты нығайту бойынша келісімге қол жеткізілді.