«Республика күні» қарсаңында Полиция департаментінің мәжіліс залында салтанатты шара ұйымдастырылды. ҚР-ның Мемлекеттік туы құрметпен кіргізіліп, әнұран шырқалды. Сондай-ақ мерекелік бейнеролик пен қойылым сахналанды.
Алғашқы құттықтау сөзін алған Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Бауыржан Сапар: «Құрметті әріптестер, бүгінгі еңселі егемендігіміздің, тұғырлы тәуелсіздігіміздің, айбарлы азаттығымыздың айғағы, ұлттық мерекеміз - Республика күні баршамызға құтты болсын! Әрқашан елдің тыныштығын сақтап, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуда мінсіз қызмет ете беріңіздер!»-деп атап өтті.
Одан кейін салтанатты шара марапаттау рәсімімен жалғасты. Өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген қызметкерлерді облыстың бас полицейі марапаттады.
Атап айтсақ, ҚР ІІМ-нің бұйрығымен «Кезектен тыс полиция подполковнигі» арнаулы атағын полиция майоры Нұрбол Тасыбеков алды. «Кезектен тыс полиция майоры» Данияр Үсенге тапсырылды. «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен полиция майоры Азамат Бадамбаев наградталды. Ал «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен полиция подполковнигі Сұлтан Будеев, полиция майоры Еркебұлан Опабеков, полиция подполковнигі Еркін Тәжі иеленді.
Сондай-ақ ҚР ІІМ-нің Грамотасымен 5 қызметкер, «Алғыс хатымен» 18 қызметкер марапатталды. Ішкі істер органы ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, «Алғыс хат» табысталды. Оған қоса қызмет бабында қайтыс болған қызметкерлер 1 минут үнсіздікпен еске алынып, олардың жұбайларына генерал М.Қабденов гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар үлестірді.
Сонымен қатар үлгілі тәртібімен көзге түскен бірқатар үздік қызметкерлерге Түркістан облысы Полиция департаментінің Грамотасы, Алғыс хаты берілді. Жиын соңы мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.
25 қазан - мемлекеттің егемендігі туралы Декларация қабылданған айтулы дата. Декларацияда Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Ендеше тәуелсіздігіміз тұғырлы, мереке құтты болсын! Көк туымыз көкте желбірей берсін!