Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының тапсырмасына сәйкес, кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың, әлімжеттік пен буллингтің, сондай-ақ нашақорлықтың алдын алу мақсатында Отырар ауданы, Шәуілдір ауылындағы №1 жалпы орта мектептің мәжіліс залында түсіндіру жиналысы өтті.
Жиынға Отырар аудандық полиция бөлімінің бастығы Берік Нышанбаев, бөлім бастығының орынбасары А.Нұрбеков, ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Әбдіқадырұлы сондай-ақ білім бөлімінің бас маманы Б.Бекмұратов пен «Жас сақшы» полиция сыныбының оқушылары және Ж.Жабаев, Т.Ибрагимов, Ө.Жәнібеков, Темір мектептерінен келген 120 оқушы қатысты.
Кездесу барысында оқушыларға құқықтық жауапкершілік, қоғамдағы тәртіп пен заң талаптарын сақтау маңыздылығы туралы кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ интернеттегі буллинг, киберқылмыс, зиянды әдеттердің салдары мен олардан сақтану жолдары жайлы айтылып, нақты мысалдар келтірілді.
Іс-шара соңында оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, полиция қызметкерлерінен жан-жақты жауап алды. Мұндай кездесулер жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және құқықбұзушылықтың алдын алуға зор үлес қосады.