Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі талқыланды

Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі талқыланды
 
Түркістан облысында әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандар және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Жиын облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өтті.
Іс-шараға Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ермек Өсербаев, қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінің жергілікті полиция қызметінің басшылары, комиссия мүшелері, сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру салаларының басшылары мен өкілдері, әкім орынбасарлары, аудандық және қалалық комиссиялардың төрағалары мен хатшылары және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кездесу барысында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын күшейтуге, сондай-ақ ерте жүктілік пен басқа да маңызды мәселелер кеңінен талқыланды.
Білім беру басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Ал полиция полковнигі Ермек Өсербаев жасөспірімдерге қатысты қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жыл басынан бері жүргізілген шараларға тоқталып, осы саладағы бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.
Отырыс соңында полицейлер мүдделі органдармен бірлесіп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, түнгі рейдтерді одан әрі ұйымдастыруды жалғастыратынын жеткізді.