Түркістан облысында "Қарасора-2025"іс-шарасы аясында саптық таратылым өтті

Түркістан облысында "Қарасора-2025"іс-шарасы аясында саптық таратылым өтті
 
Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күреске бағытталған "Қарасора-2025" республикалық кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке құрамы мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің гарнизондық таратылымы өтті.
Саптық жиынға облыстық департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев қатысып, тәртіп сақшыларының есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтардың жолын кесу және нашақорлықтың алдын алу мақсатында іс-шаралар өткізу бойынша қойылған міндеттерді орындауға дайындығын тексерді.
"Қарасора-2025" іс-шарасын өткізуге ІІМ жедел бөлімшелері, учаскелік полиция, патрульдік полиция инспекторлары, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, шекара қызметі, прокуратура, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмылдырылды. Сондай-ақ 18 мобильді топ құрылып, облыс шекарасында екі блок-бекет орнатылды.
Айта кетейік, іс-шара басталғаннан бері Түркістан облысының аумағында есірткі заттарын өткізудің 3 фактісі тоқтатылды, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді егудің 15 жайты анықталды. Сондай-ақ 400 гр синтетикалық есірткі мен 60 кг марихуана тәркіленді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.