Түркістан облысында полицейлер жыл басынан бері 200 келіге жуық есірткіні тәркіледі

Түркістан облысында полицейлер жыл басынан бері 200 келіге жуық есірткіні тәркіледі
 
Түркістан облысы Полиция департаменті "Профилактика жылы" мен "Заң және тәртіп" қағидатын іске асыру аясында есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес және нашақорлықтың алдын алу бойынша қарқынды жұмыс атқаруда.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ағымдағы жылдың 5 айында 163 есірткі қылмысының жолын кесті, оның ішінде: есірткі өткізудің 23 фактісі, аса ірі мөлшерде сақтаудың 11 фактісі, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсірудің 10 жайты, сондай-ақ 2 фитолаборатория жойылды.
Заңсыз айналымнан 200 келіге жуық есірткі, оның ішінде 850 грамнан астам синтетикалық есірткі, 48 кг марихуана, 147 кг «көкнар» түптері мен 12 мың "Трамадол" таблеткалары тәркіленді. "Мефедрон" синтетикалық препаратын "жасырып кетумен" айналысатын 8 адам ұсталды.
Жыл басынан бері есірткіге қарсы 600-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізілді, оған облыстың 59 мыңнан астам тұрғыны қатысты. Мәселен, Түркістан қаласында нашақорлықтың алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған айлықтың ашылуы өтті.
Бұдан басқа 1 маусым мен 30 қазан аралығында облыста есірткіні дайындау және тасымалдау фактілерінің жолын кесу бойынша "Қарасора-2025" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Оған 18 мобильді топ қатысып, екі блок-пост орнатылды. Осы бағыттағы полиция жұмысы жалғасуда.