Облыс полицейлерінің жауынгерлік және қызметтік даярлығын жетілдіру жөніндегі іс-шаралар күн тәртібінен шыққан емес. Осыған орай, Түркістан облысы Полиция департаментінің Арнайы жұмылдыру басқармасы Түркістан қаласының Патрульдік полиция инспекторларын қоян-қолтық және арнайы қорғаныс құралдарымен жұмыс істеу сияқты дағдыларға үйретіп, олардың біліктілігін арттыруда.
Маңызды іс-шараға Департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев та қатысты. Барлық жаттығулар қажетті дағдылар мен моральдық-еріктік қасиеттерді дамытуға, қызметтік және жауынгерлік даярлықтың жоғары деңгейін сақтауға, сондай-ақ зейінді, жауапкершілікті және бір-біріне деген сенімді дамытуға бағытталған.
Осылайша, сабақтардың бірі полицейлердің қауіп жағдайында үйлесімді жұмыс істеуіне, келісілген және бірыңғай бұйрық бойынша әрекет етуіне, ал екіншісі - рефлекстерді дамытуға және кенеттен жағдайларға дайын болуға бағытталды. Сонымен қатар, жеке құрамның арнайы және дене шынықтыру дайындығы бойынша қосымша сабақтар үнемі ұйымдастырылуда.