Көлік полицейлері есірткіні медициналық емес мақсатта пайдалануға қарсы күресті күшейтті

Көлік полицейлері есірткіні медициналық емес мақсатта пайдалануға қарсы күресті күшейтті

2025 жылғы 11 наурыздан бастап Қазақстанда есірткі және психотроптық заттарды, олардың аналогтарын, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта пайдаланғаны үшін жауапкершілікті көздейтін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Ағымдағы жылғы 10 қаңтарда Мемлекет басшысымен қол қойылған заң, есірткіні тұтынудың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Жаңа нормалар күшіне енген сәттен бастап, Көліктегі полиция департаментімен есірткі құралдарын медициналық емес мақсатта тұтынғаны үшін 20 азамат анықталды, оның ішінде 10 тұлға әкімшілік қамауға алынып, тағы 10 адамға айыппұл салынды.

Мәселен, Жезқазған станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, қызметтік итті қолдана отырып, 32 жастағы қарағандылық тұрғынды ұстады. Медициналық куәландыру құқыбұзушының есірткі тұтынғанын растады  және оған сот шешімімен 40 АЕК (157 280 теңге) айыппұл салынды.

Осыған ұқсас жағдай Маңғыстау станциясында да орын алды. Бұл жолы «Робби» лақап атты қызметтік-іздестіру иті Ақтау қаласының Халықаралық әуежайының 29 жастағы жүк тиеушісіне нұсқады. Жеке тексеру кезінде ұсталған азаматтан есірткі заттары анықталмады, алайда оның «канабиноидтарды» тұтынғаны белгілі болды.

Ақтау қаласы әкімшілік сотының шешімімен құқықбұзушы 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Айта кетейік, жаңа нормалар тек қана жазалауға емес, сонымен қатар мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тыйым салынған заттарды қолдануға деген қоғамның теріс көзқарасын қалыптастыруға бағытталған.