Ағымдағы жылдың басынан бері Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері еліміздің темір жол және әуе көлігі объектілерінде 17957 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін 1273, ұсақ бұзақылық үшін 126, полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін 22 және т.б.
Мәселен, Шымкент станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Қызылорда қаласының 27 жастағы тұрғынын қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін пойыздан түсіріп алды.
Оқиға «Алматы-Ақтөбе» бағытындағы жолаушылар пойызында болған. Әйел адам мас күйінде болып, балағат сөздер айтып, басқа жолаушылар мен жолсеріктердің ескертулеріне құлақ аспаған. Сонымен қатар, ол полиция қызметкерлеріне олардың заңды талаптарына бағынбай қарсылық көрсеткен.
Оқиға нәтижесінде құқық бұзушы полиция бөлмесіне жеткізіліп, алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүру, ұсақ бұзақылық жасау, сондай-ақ құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбау бойынша жауапкершілікке тартылды.
Пойыздағы қоғамдық тәртіпті сақтау – барлық жолаушылар үшін міндетті болып табылатынын еске саламыз. Басқа жолаушыларды құрметтеу, мінез-құлық ережелерін бұзбау және теміржол көлігіндегі қауіпсіздік пен жайлылыққа қауіп төндіретін жағдайлар туғызбау маңызды.