Ағымдағы жылдың I-тоқсанында 100-ден астам есірткі құқық бұзушылығы анықталды – Көліктегі ПД

Ағымдағы жылдың I-тоқсанында 100-ден астам есірткі құқық бұзушылығы анықталды – Көліктегі ПД

«Көліктегі полиция департаментінде еліміздің әуе және теміржол көлігі объектілерінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мен нашақорлықтың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар қабылданып, жүзеге асырылуда. Есірткі заттарын анықтауда қызметтік-іздестіру иттерін қолдана отырып теміржол вокзалдарын, сақтау камераларын, багаж бөлімшелері мен «Қазпошта» бөлімшелерін, сондай-ақ халықаралық және жергілікті бағыттағы жолаушылар пойыздарын тексеруге айырықша көңіл бөлінеді», - деді Департамент бастығы Бақытжан Малыбаев.

Оның айтуынша, ағымдағы жылғы I-тоқсанында көлік полицейлері есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты 119 құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде 5 өткізу, 8 аса ірі мөлшерде сақтау және 4 контрабанда фактісі және т.б. Заңсыз айналымнан 30 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді.

Ведомство басшысы ағымдағы жылғы ақпан айында Түрксіб станциясындағы желілік полиция бөлімі қызметкерлерінің Жамбыл облысының «Татты-Аспара» станциясының аралығында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында, қызметтік-іздестіру итінің көмегімен, облыстың 49 жастағы тұрғынын анықтап, ұстағанын айтты. Құқық бұзушыдан жалпы салмағы 4 кг 532 грамм болатын «кептірілген марихуана» және 148 грамм «гашиш» есірткі заттары тәркіленген.

Қылмыстық пиғылмен ер адам қараңғы уақытта есірткі заттарын жинап, оларды сату үшін Жамбыл облысына жеткізбекші болған.  

Алайда, полицейлер есірткінің ірі партиясын Жамбыл облысына тасымалдау фактісінің жолын кесті.

«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді.

Меркі аудандық сотының шешімімен қаскүнем 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды» - деп түйіндеді сөзін полиция полковнигі.