20 819 азамат т/ж төсемін белгіленбеген жерден өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды

20 819 азамат т/ж төсемін белгіленбеген жерден өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды

«Ағымдағы жылдың 9 айында көлік полицейлері «Темір жол-қауіптілігі жоғары аймақ!» тақырыбында оқу орындарында 2124 дәріс, 2147 халықпен кездесу, 3318 рейдтік іс-шаралар өткізді. Профилактикалық іс-шараларды өткізу кезінде азаматтардың назарын темір жол төсемінің белгіленбеген жерлерінен өтуді тек құқықбұзушылық емес, бұл олардың өмірі мен денсаулығы екендігіне аударамыз», - деді Көліктегі полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев.

Ол жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шараларға қарамастан, азаматтардың темір жолдарда белгіленбеген жерлерден өтуі, ондағы қауіпсіздік ережелерін сақтамауы және темір жолға арналған жолақта мал жаю фактілері жалғасып жатқанын айтты.

Б. Малыбаевтың айтуынша, ағымдағы жылдың 9 айында еліміз бойынша пойыздарды шұғыл тежеудің 1381 фактісі тіркелген, оның ішінде адамдардың болуына байланысты 305, темір жол төсемінде үй жануарларының болуына байланысты 902 және т.б. Белгіленбеген жерлерден теміржолды кесіп өткені үшін 20 819 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Мәселен, өткен демалыс күндері төрт адам пойыз дөңгелектерінің астына түсіп кете жаздады. Бұл фактілер Астана, Орал, Шу және Қызылорда станцияларында тіркелді. Бір қуанарлығы, барлық жағдайда машинистер теміржол құрамын тоқтатып, қайғылы жағдайдын алдын алды. Жоғарыда көрсетілген фактілер бойынша құқықбұзушыларға ҚР ӘҚБтК 559-бабының 5-бөлігі, яғни, белгiленбеген жерлерде темiржол арқылы өту бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», - деді ведомство басшысы.

«Өкінішке орай, а.ж. 9 айда 66 азамат пойыз астына түсті, оның жартысынан көбі көз жұмды, сондай-ақ 29 адам жарақат алды. Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілді. Азаматтардың теміржол жол жарақатын алуларының негізгі себептері – олардың тиісті жабдықталған өткелдерді пайдаланғысы келмеуіне, жазатайым оқиғалардың көпшілігі тұрғындардың қауіпсіздік шараларын сақтамаудан орын алады», - деп түйіндеді сөзін полиция полковнигі.

Ол азаматтарды теміржол арқылы рұқсат етілген өткелдерді пайдалануға және өз қауіпсіздіктері үшін ережелерді қатаң сақтауға шақырды.