Астанада такси жүргізушісі шетелдікті 150 метр қашықтыққа тасымалдаған

Астанада такси жүргізушісі шетелдікті 150 метр қашықтыққа тасымалдаған

Ағымдағы жылдың басынан бері еліміздің әуе және теміржол көлігі объектілерінде қоғамдық орындарда адамдардың мазасын алып тиіскені үшін әкімшілік жауапкершілікке 1927 азамат тартылды, оның ішінде 539 заңсыз такси жүргізушілері.

Астана станциясының теміржол вокзалында рейд жүргізу кезінде желілік полиция басқармасының қызметкерлері Астана қалалық ПД жергілікті полиция қызметі патрульдік полиция полкінің қызметкерлерімен бірлесіп заңсыз кәсіпкерлік қызметпен, яғни, азаматтарды тиісті құжаттарсыз «такси» қызметімен тасымалдау фактісін анықтады.

Тексеру барысында көлік полицейлері елорданың 50 жастағы тұрғынын анықтады, ол теміржол вокзалынан екі жолаушыны тасымалдаған. Ер адам жолаушылардың бірінің шетелдік екенін әрі қаланы білмейтінін пайдаланып, оны вокзалдан 150 метр қашықтықта орналасқан "Сапаржай" автовокзалына 500 теңгеге апаруға келіскен.

Аталған факті бойынша құқықбұзушы ҚР ӘҚБтК 449-бабының 1-бөлігі (қоғамдық орындарда тиісу) және ҚР ӘҚБтК 463-бабының 1-бөлігі (тиісті тіркеусіз кәсіпкерлік қызметпен айналысу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Естеріңізге сала кетейік, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған қоғамдық орындарда тиісу ҚР ӘҚБтК 10 АЕК айыппұл немесе 5 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуды көздейді.

Заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін жеке тұлғаларға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.