
Мамандық таңдау – Адам өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі. Өйткені адам тағдырының бір бөлігі таңдаған мамандығы мен ұштасып жатады. Адам асқақ арманға, биік мақсатқа ие. Әрбірінің өз бағыты, арман қылған бағындырар биігі болады. Биік шың адамға оңайлықпен беріспесі анық. Кемеңгер дана Абай атамыздың: «Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та, бар қалан», деген қасиетті сөзі өз мақсатына жету үшін жол тартқан әрбір жас үшін зор мүмкіндіктерге жол ашары сөзсіз.
Қыздар мұғалім, дәрігер, журналист, экономист, заңгер, сынды белді мамандықтармен қатар нәзік жанды қыздар үшін тігінші, шаштараз, аспазшы сынды маман иелері болуды армандайды. Десек те, нәзік жанды қыздарымыздың арасында ерлермен тең түсіп, олар таңдаған мамандыққа да барып жатады. Осы жолда ерлермен иық тірестіріп, сол мамандықтың тізгінін еркін әрі бекем ұстайдындар қанша ма!
Әрине, әскери мамандықтарды таңдап, полицей, ұшқыш, түрлі техникалармен жұмыс жасайтын қаракөз қыздарымыз баршылық. Солардың бірі – Көліктегі полиция департаменті Алматы 1 ст. желілік полиция басқармасы жедел криминалистикалық бөлімшесінің криминалисі Салтанат Шайхислам.
Біздің кейіпкеріміз Алматы облысының Ақши ауылында ішкі істер органдары қызметкері Талғат Досанұлы Ермекбаев пен Ләззат Еркінқызының отбасында дүниеге келген. Отбасында екі бала, Салтанат және кіші інісі Самат бар .
Балалық шағынан бастап Салтанат тергеуші болғысы келді және сол мақсатта заң колледжіне түсті. Мамандық саласын таңдау уақыты келгенде әкесі ішкі істер органдарынын таңдауын, ал анасы адвокатура немесе прокуратура саласын таңдауын қалады. Бірақ, тағдырын адам таңдай ма?! Әкесі мезгілсіз қайтыс болғаннан кейін, қызы бір сәтте есейіп, әкесінің жолын жалғастыруы жөн көрген.
2009 жылдың маусым айынан өз еңбек жолын қабылдап-таратушы полицейі ретінде бастаған Салтанат бұдан соң кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарды.
2015 жылдың тамызынан бастап Алматы 1 станциясындағы ішкі істер желілік басқармасының жедел-криминалистикалық бөлімшесінің криминалисі болып тағайындалды.
Полиция капитаны қызметтегі өзінің алғашқы күндерін еске алады: - «Мен үшін ең есте қаларлық сәт, менің оқиға орнына алғаш шығуым болды. Онда жүйткіп келе жатқан поезд адам қағып кеткен еді... Оқиға орнынан барудан қорықтым, алайда қызметтің аты - қызмет. Өзіңе жүктелген тапсырманы орындауға міндеттісің. Сондықтан қорқынышты жеңуім керек болды. Мен бұл қорқынышты жеңуге тырыстым және жеңдім.
Бүгін мен өз мамандығыммен мақтанамын. Өйткені, криминалистика - бұл өте қызықты әрі үнемі дамып отыратын ғылым. Бұл қызметте жұмыс жасау маған ләззәт сыйлайды, себебі зерттеу және техникалық жабдықтардың дамуы бір орында тұрмайды. Оқиға орнынан іздерді анықтау, бекіту және жою және әрі қарай зерртеу бойынша жаңа әдістер мен технологиялар ойлап табылып, әрдайым өсіп келеді.
Криминалист жұмысы қылмысты ашуда өте маңызды, себебі қылмыс орнынан алынған айғақтар мен салыстырмалы зерттеу нәтижелері оң болса, бұл өте маңызды дәлел болып саналады.» - дейді Салтанат.
2018 жылдың жазында Салтанат Шайхислам Асылбекпен жұп құрып, отау тікті. Жұбайы Салтанаттың қызметіне , таңдаған мамандығына құрметпен қарап, әрдайым қолдау көрсетіп отырады.
Өмір жолдарының парағына әскери мамандықты енгізген, ерлер мамандығын таңдап отырған қыздарымызға батыр апаларымыздың ерлігін тілейміз. Қандай мамандықты таңдаса да, әр адам үшін бұл өте маңызды қадам, өйткені мамандық таңдау – жүрек қалауы! Жүрек қалауымен таңдалған сенімді қадам – биік шыңдарға жетелері анық .
Гүлдархан Бекемқұлова
Алматы 1 ст. ЖПБ