Қараусыз қалған бірнеше үй жануары пойыз астына түсті

Қараусыз қалған бірнеше үй жануары пойыз астына түсті

Өткен демалыс күндері Көліктегі полиция департаментінің қызмет көрсету аумағында пойыздардың шұғыл тежеу қолданып үй жануарларын қағып кетудің 5 фактісі тіркелді.

Павлодар облысының Май-Жұмыскер және Жұмыскер-Көктөбе аралықтарында бірден екі осындай жағдай орын алды. Екі ірі қара мал жолаушылар және жүк пойыздарының астына түскен. Теміржол көлігінің жоспарланбаған жалпы тоқтау уақыты 33 минутты құрады.

Осыған ұқсас жағдай Абай облысының Суықбұлақ-РЗД-6 аралығында да орын алды. Екі ірі қара малдың теміржол төсемінде болуына байланысты  жүк пойызы машинисінің шұғыл тежеу қолдануына тура келді.

Мал иелеріне қатысты ҚР ӘҚБтК 559-бабы, яғни темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Сондай-ақ, Қарағанды облысының Қызылжар-Жеңіс аралығында үш жылқы, ал Шымкент станциясында үш ұсақ мал жүк пойызының астына түскен. Пойыздардың тұрағы екі жағдайда да 11 минутты құрады.

Аталған фактілер бойынша да үй жануарларының иелеріне әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Көлік полицейлері тұрғындарға теміржол маңында үй жануарларын жаю кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау керектігін тағы да еске салады.