Көлік полицейлері Астанадағы қарттар үйіне арнайы барып мерекелік көңіл күй сыйлады

Көлік полицейлері Астанадағы қарттар үйіне арнайы барып мерекелік көңіл күй сыйлады

«1 – қазан Халықаралық қарттар күні» мерекесі қарсаңында еліміздің көлік полицейлері Астана қаласында орналасқан «Мейірім» атты қарттар үйіне барып, қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Бүгінгі күні мұнда тұратын жастары егде тартқан жиырмаға жуық қариялардың әрқайсысы әлеуметтік орталық қызметкерлерінің мейірімі мен қамқорлығына бөленген.

Ең алдымен, мекеме әкімшілігі полицейлерді қарттар үйінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен таныстырып, оларға осындағы тұрғындардың өз қолдарымен жасаған туындыларын көрсетті. Ал, балакөңілді қариялар үшін төл мерекелері қарсаңында полицейлердің келуі нағыз тосын сый болды. Ата-әжейлер алдында құйқылжыта ән салған Департаменттің өнерлі қызметкерлері ұмытылмас әсер қалдырды.

«Департамет жыл сайын осы бір ізгілік мерекесін атап өтуді дәстүрге айналдырған. «Қариясы бар елдің – қазы­насы бар» деген сөздерінің мәнісі – ақылдың кені, қазыналы қарттарды құр­меттеу, ақсақалдар қауымын ардақтау. Сондықтан биыл да ата-әжелердің көңілдерін марқайтып, қуантып қайтуды мақсат еттік», - деді Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбек Омаров. Ол жиналғандарды мерейлі мерекемен құттықтап, дендеріне саулық, ұзақ өмір тіледі.

Аталған іс-шарада Департамент қызметкерлері мекемені азық-түлікпен және басқа да қажетті тұрмыстық тауарлармен қамтамасыз етті. Мерекелік дастархан басында көнекөз қариялар жемістер мен тәттілерден дәм татты.

«Полиция қызметкерлері бізге жиі келеді. Концерттер ұйымдастырып, сыйлықтар ұсынып, барынша көңіл бөлуге тырысады», - дейді пансионат басшысы Камиля Бимендина. Қариялар да күн сайынғы қауырт жұмыстарына қарамастан, уақыттарын арнайы бөліп, мерекелік көңіл-күй сыйлаған  үшін тәртіп сақшыларына шексіз алғыстарын білдірді.

 

Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі