Оңал Бекеев: «Жасөспірімдердің селфи жасағысы келуі қайғылы жағдайға әкеп соқтырады»

Оңал Бекеев: «Жасөспірімдердің селфи жасағысы келуі қайғылы жағдайға әкеп соқтырады»

Соңғы уақытта Қазақстанда жасөспірімдердің фотоға түсу үшін электровоз вагондарына шығу жағдайларының саны артты, алты жағдайда бұл оқушылардың өлімімен аяқталған. Бұл туралы ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев айтты.

Қазақстан көлік полициясының мәліметінше, ағымдағы жылдың басынан бері теміржол объектілерінде жарақат алудың 108 фактісі тіркелген. 13 жағдайда азаматтар жоғары вольтты электр тогының соғуынан зардап шеккен, олардың алтауы кәмелетке толмағандар және барлығы да қайтыс болды.

Тек ағымдағы жылдың желтоқсан айында мектеп оқушыларының электровоздың төбесіне көтеріліп, қайтыс болуының екі фактісі тіркелді. Жазатайым оқиғалардың бірі – ағымдағы жылғы 27 желтоқсанда Алматы қаласының вокзалында орын алды, 14 жастағы екі оқушы Алматы станциясындағы құрамдардың бірінің вагонының төбесіне көтеріліп, жоғары вольтты электр тогымен қатты күйік алған. Нәтижесінде жасөспірімдердің бірі оқиға орнында қайтыс болды, екіншісі ауыр халде ауруханаға түсті.

Бір күн бұрын осыған ұқсас оқиға Тараз қаласында «Талас-Тараз» аралығында болған. 15 жастағы мектеп оқушысы жүк поезы құрамындағы астық таситын вагонға көтеріліп, байланыс желісінен электр күйігін алып, оқиға орнында көз жұмды.

- Қазіргі уақытта абайсызда адам өліміне әкеп соққан темір жол көлігі қозғалысы қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін екі факт бойынша да тергеу жүргізілуде. Оқиға бойынша барлық мәнжайлар анықталуда, - дейді генерал-майор Оңал Бекеев. Алайда, мұндай жағдайлардың барлығында жасөспірімдер әлеуметтік желілер үшін суретке түскісі немесе Тик-ток үшін бейнежазба жазғысы келетінін атап өткім келеді. Жасөспірімдердің селфи жасағысы келуі көбінесе қайғылы жағдайға әкеп соқтырады. Темір жол қауіптілігі жоғары аймақ болып табылады және осы объектілерде болу ережелерін елемеу, тіпті ересектер үшін де қауіп тудырады. Осыған байланысты көлік полициясы тұрақты негізде профилактикалық іс-шаралар, түсіндірме жұмыстарын, ата-аналармен әңгімелесулер жүргізеді. Теміржол маңында тұратын оқушылар мен ата-аналарға ерекше көңіл бөлінеді. Ағымдағы жылы біз 1776 рейдтік іс-шара, оқу орындарында 1358 дәріс өткіздік. Сонымен қатар, көлік полициясының қызметкерлері халықпен жүйелі түрде жиындар өткізіп, осы жылы мыңнан астам кездесулер өткізді. Поездарда жүйелі түрде «жол үстіндегі кездесулер» өткізіледі, онда жолаушыларға жоғары қауіпті аймақтардағы мінез-құлық ережелері түсіндіріледі.

Атап өтетін жайт, балалардың ересектерден айырмашылығы,  олардың алаңсыздығында және қорқыныш сезімінің болмауында. Сондықтан олар ересектердің ерекше назарын және бақылауын қажет етеді. Өкінішке орай, темір жолдағы жазатайым оқиғалардың құрбандары көбінесе қараусыз қалған балалар болып табылады. Сондықтан көлік объектілерінде болу ережелерін сақтауға, балаларыңызды қараусыз қалдырмауға және балалармен үнемі профилактикалық әңгімелесулер жүргізуге кеңес береміз.

- Әр адам темір жолдағы жүріс-тұрыс ережелерін қатаң сақтап қана қоймай, сигналдарға құлақ асып, ескерту плакаттарын мұқият қадағалап қана қоймай, басқаларды және ең алдымен балаларды ескертуі керек, - деп санайды Оңал Ботайұлы. Теміржол маңында тұратын азаматтар жас балаларын қараусыз қалдырады. Шпалдарға шығып жүрген немесе тікелей рельсте жүгіріп жүрген  балаларды көрген бөгде ересек  адамдар оларды кейде ғана тоқтатып, абай болуды ескертіп, қауіпті екенін айтады. Үлкендердің өздері көрсеткен жақсы үлгісі-балаларды теміржол көлігіндегі тәртіп ережелерін сақтауға құрметпен қарауға тәрбиелеудің ең жақсы құралы, - деп түйіндеді сөзін Көліктегі ПД бастығы.

 

Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі