Ағымдағы жылдың басынан бері көлік полицейлері поездардың шұғыл тежелуінің 2 500 жуық фактісін тіркеді

Ағымдағы жылдың басынан бері көлік полицейлері поездардың шұғыл тежелуінің 2 500 жуық фактісін тіркеді

«Қостанай облысы «Қойбағар-Құсмұрын» аралығында «Алматы-Қостанай» бағытындағы жолаушылар поезды 2 жылқыны қағып кетті. Осыған байланысты мал иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабының 1-бөлігі (Темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 5 АЕК (14 585 тг) мөлшерінде айыппұл салынды. Пойыздың тұрағы 45 минутты құрады». Бұл туралы Көліктегі ПД бастығы Оңал Бекеев айтты.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың өткен кезеңінде 25 112 азамат белгіленбеген орындарда темір жол төсемін кесіп өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сондай-ақ шұғыл тежеудің 2 482 фактісі тіркелді, оның ішінде адамдардың болу себебі бойынша – 504, теміржол төсемінде малдың болуымен байланысты - 1 884.

«Ағымдағы жылдың 11 айында еліміз бойынша 108 азамат поезд астына түсті, олардың жартысынан көбі қайғылы жағдаймен аяқталған», - деп атап өтті ол.

«Темір жол қауіптілігі жоғары аймақ болып саналады, сондықтан әрбір азамат міндетті түрде темір жол аймағындағы жүріп-тұру ережелерін білуі тиіс. Бұл тікелей біздің және жақындарымыздың өмірімен байланысты. Адам өмірінен маңызды ештеңе жоқ - бұл ең құнды дүние", - деп түйіндеді өз сөзін полиция генерал-майоры.

  

Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі