Көлік полицейлері 32 жастағы Өзбекстан азаматшасына ұшақ бортында темекі шеккені үшін айыппұл салды

Көлік полицейлері 32 жастағы Өзбекстан азаматшасына ұшақ бортында темекі шеккені үшін айыппұл салды

«Алматы қаласы әуежайындағы Желілік полиция бөліміне «Air Astana» әуе компаниясының өкілінен «Ташкент-Алматы» бағытындағы әуе рейсінің жолаушылары арасында құқық бұзушы бар екендігі туралы хабарлама келіп түсті. Ұшып келген бойда актімен жолаушы-әйел полицейлерге тапсырылды», - деді Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қалижан Қобландин.

Оның айтуынша, тексеру барысында көлік полицейлері ұшақ бортында электронды темекі шеккен Өзбекстан Республикасының 32 жастағы азаматын анықтады.

Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабының 1-2-бөлігі, яғни әуе кемесінің бортында темекі бұйымдарын, оның ішінде тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтыну бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Сондай-ақ Қ.Қобландин осы жылдың 15 шілдесінде «Бодрум-Алматы» және «Павлодар-Алматы» бағытындағы әуе кемелерінің бортында осындай жағдайлар орын алғанын айтты.

«Бұл жолы Алматы және Павлодар қалаларының 19 және 36 жастағы тұрғындары ҚР ӘҚБтК 441-бабының 1-2-бөлігі бойынша әуе кемесінің бортында темекі бұйымдарын, оның ішінде тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтынғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды және құқық бұзушының әрқайсысына 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», - деп түйіндеді сөзін полиция полковнигі.

Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін 24 985 азаматты, оның ішінде темекі шегуге тыйым салуды бұзғаны үшін 532 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты.

 

Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі