Көлік полицейлері ағымдағы жылғы I-жартыжылдықтың жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысын жасады

Көлік полицейлері ағымдағы жылғы I-жартыжылдықтың жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысын жасады

Бүгін  ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінде Департамент бастығы полиция генерал-майоры Оңал Бекеевтің төрағалығымен жедел кеңес өткізіліп, онда ведомоствоның 2021 жылғы 6 айдағы жұмыс қорытындылары талқыланды.

Кеңес барысында көліктегі ішкі істер органдарының алдына қойылған басым бағыттары, оның ішінде қылмыспен күрес, қоғамдық құқықтық тәртіпті және жеке құрам арасында тәртіпті қамтамасыз ету, сонымен қатар әрбір полиция бөліністерінде сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларын күшейту мәселелері қаралды. Кеңеске Департамент аппаратының қызмет бастықтары және аумақтық бөліністердің басшылары ZOOM қосымшасымен онлайн қосылу арқылы қатысты.

Кеңесті ашқан О.Бекеев республиканың темір жол және әуе көлігінде қоғамдық тәртіпті күзетудегі жағдайға ерекше көңіл бөлді.

Бұдан соң Департамент бастығының бірінші орынбасары Қалижан Қобландин жедел-қызметтік жұмыстың қорытындылары туралы баяндама  жасады. Өз сөзінде ол Департаменттің қызмет көрсету аумағында есепті мерзім ішінде 909 қылмыстық құқық бұзушылықтар мен теріс қылықтардың тіркелгенін айтты. Қылмыстардың жалпы ашылуы 88,3% құрады. 

Баяндамашының айтуынша, есірткіні заңсыз тарату фактілерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған іс-шаралар кешені іске асырылған. Департаменттің аумақтық бөліністерінің күшімен 227 есірткі құқық бұзушылығы анықталды, оның ішінде 30-ы есірткіні өткізу, 14-і аса ірі көлемде есірткіні сақтау және 3-уі есірткіні контрабандалық тасымалдау фактілері. Заңсыз айналымнан 40 кг-дан астам түрлі есірткі құралдары тәркіленіп алынды.

Көлік полицейлері әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 23 000-нан астам құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартып, оларға 59 млн. теңгеден астам сома әкімшілік айыппұл салынды.

Кеңес соңында ведомство басшысы басшылардың алдына қылмыстарды анықтау және ашу, заңдылықты сақтау және қызметтік тәртіпті нығайту, жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу бойынша бірқатар міндеттер қойды, себебі осы бағыттағы жұмыс қоғамдық пікірді қалыптастырады және халықтың полицияға деген сенімін арттырады.

Сонымен қатар, ол қол жеткізген жетістіктерге қарамастан, кейбір кемшіліктердің де орын алып отырғанын айтты. Олар қысқа мерзімде жойылуы тиіс екендігін ескертті.

 

Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі